Арт-терапия
Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру жүйесі негізінен баланың танымдық қабілетттерін дамытуға бағытталған.
Психологиялық көзқарас тұрғысынан да, мектепке дейінгі білім беру құрылымы баланың білімді ғана игеріп қоймай, тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына: өзін-өзі бағалауға, эмоционалды қажеттілікке, сондай-ақ баланың басқа адамдармен қарым-қатынас жүйесіндегі әлеуметтік-психологиялық ерекшелігіне негізделу керек.
Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі ұлттық даму стратегиясымен тығыз байланысты мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бала — біздің болашағымыз. Олай болса, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі. Ол – үздіксіз білім берудің алғашқы деңгейі. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың негізгі мақсаты – баланың жеке басының қалыптасуы мен дамуы болып отыр.
Көп балалар өзінің ойын, қобалжуын сөзбен жеткізуге киналады. Олар үшін өз ойын жеткізудің оңай жолдары ойын барысында, бейнелеу өнері немесе шығармашылық белсенділіктің басқа да формаларымен байқалады.
Психотерапияның маңызды салаларының бірі қазіргі таңда арт-терапия болып табылады. Сондықтан бұл терапия қарқынды даму үстіндегі психотерапиялық әдістердің жаңа түрі болып табылады. Терапияның бұл түрі қазіргі таңда үлкен жетістіктерге ие екендігі белгілі. Арт-терапия – балалармен психологиялық жұмыс жүргізуде орны баға жетпес әрі өте тиімді әдіс.
Арттерапия – бұл бейнелеу өнерімен емдеу дегенді білдіреді. “Арттерапия”– терминi (art – өнер, artterapy – өнер арқылы терапия жүргiзу). Арт терапия - бұл емдеу ғана емес, сонымен қатар креативтің дамуы, тұлғаның дамуы мен үйлесімділігі, кез-келген жағдайды шешуге көмек көрсету.
Балабақшамызда тұлғаны үйлесімді жан-жақты дамыту үшін арт-терапияның мынадай бағыттарымен жұмыс жүргізілуде: ертегі терапиясы, би-қозғалыс терапиясы, бейнелеу терапиясы.